Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

You are here

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2008 жылғы 16 ақпан

 

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ —

МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ

Құрметті қазақстандықтар!

 

Менің жыл сайынғы Жолдауларым әдеттегідей жетістіктерімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы – баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталып келеді.

Қазақстан халқына арналған 2006 және 2007 жылдардағы Жолдауларымда мен ағымдағы міндеттер туралы ғана емес, біздің дамуымыздың келешегі жайында да айтқан едім. Осыған орай, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан нық орын алу мен 30 корпоративтік көшбасшыларын қалыптастыру негізінде елді индустрияландыру міндеттері біздің басты стратегиялық мақсатымыз болып қала бермек.

Үстіміздегі жылы Үкімет олардың орындалуы жөнінде есеп беруі тиіс.

Өткен жыл Қазақстан үшін жан-жақты экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолында тағы бір сенімді ілгері қадам жасаған жыл болды.

Қазақстан 2008 жылды жаңа экономикалық жетістіктерімен, жаңарған саяси құрылымымен қарсы алды.

 

Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде парламент сайлауы өткізілді. Сайлауда “Нұр Отан” партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алғаш рет Үкімет жасақтады.

 

Әкімшілік реформа жалғасын тауып, оның аясында мемлекеттік органдар аппараттарының тұрақтылығын нығайтатын жауапты хатшылар институты құрылды.

 

Өткен жылғы экономикамыздың өсу қарқыны 8,5 пайызды құрады. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады.

 

Бүгінгі күнге дейін еліміздің айтарлықтай резерві қалыптастырылып, Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде ол шамамен 40 млрд. АҚШ долларына жетті. Осындай елеулі жинақтаулардың болуы еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарды.

 

Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, мем­ле­кеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық.

 

Біз зейнеткерлерімізді қолдау көлемін ұдайы арттырып келеміз. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты түрде көбеюде, оның көлемі 1,1 триллион теңгеден асып түсті.

 

Әлеуметтік инфрақұрылым нығайып отыр. 2007 жылы ғана республика бойынша 76 мектеп пен 23 денсаулық сақтау нысаны салынды.

 

Біз демографиялық құлдырауды тоқтатуға қол жеткіздік.

 

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында өткен үш жыл ішінде 18 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл біздің жоспарымыздағыдан 2,2 млн. шаршы метрге артық.

 

Жоғарыда аталынған қоғамдық өмір­дің барлық салаларындағы ілгерілеу серпіні – біздің экономикамыздың өркендеуінің, сындарлы әлеуметтік саясатымыздың және тұрақты саяси жүйеміздің тиімділігінің айқын айғағы.

 

Құрметті депутаттар,

мәжіліске қатысушылар, меймандар!

 

Бүгінгі әлемдік конъюнктура нашарлаған жағдайда біз рөлі өсе түсіп отырған мемлекеттік холдингтердің, даму институттарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың ішкі инвестициялық ресурстарын белсенді етуге тиіспіз.

 

Пайда болған қиындықтарға қарамастан, менің тапсырмам бойынша Үкімет экономиканы орнықты өсіру бойынша шаралар қабылдады.

 

Қысқа мерзімді және орта мерзімді міндеттерді мына басым бағыттарда шешу үшін жұмылу қажет.

 

Бірінші – өндіруші сектор.

Мұнай-газ саласындағы басты бағыт – мемлекеттің халықаралық мұнай және энергетика рыноктарына ықпалды және жауа­пты қатысушы ретіндегі ұстанымын күшейту.

 

Бұл үшін біз энергетика саласының стратегиялық маңызды буындарына мемлекеттің ықпалын дәйектілікпен күшейтеміз. Біз қазірдің өзінде Қашаған, Құм­көл мұнай кен орындарын, Богатырь көмір разрезін, т.б. игеруде қазақстандық үлесті ұлғайттық.

 

Бұл біз үшін және қосымша құн салығы үлесі жоғары дайын өнімді халықаралық рынокқа шығаруды қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

 

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2008 жылғы 16 ақпан

© 2017

Ресми Интернет-ресурс

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі