Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

Министрлік туралы ереже

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi (бұдан әрі – Министрлік) индустрия және елді индустриялық-инновациялық дамыту, ғылыми-техникалық дамыту, тау-кен металлургиялық кешен, жергілікті қамтуды дамыту, машина жасау, химия, фармацевтика және медицина өнеркәсiбi, жеңiл, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсiбi, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарының өндiрiсi; салалық бағыттылығына сәйкес машиналар мен жабдықтардың қауiпсiздiгi және химия өнiмiнiң қауiпсiздiгi; мемлекеттік инвестициялық саясат және инвестицияларды қолдау саясаты, қолайлы инвестициялық ахуалды жасау; арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс iстеуi және тарату; экспорттық бақылау; техникалық реттеу және өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету; көмiрсутегi шикiзатын қоспағанда, минералдық ресурстар; мемлекеттiк геологиялық зерделеу, минералдық-шикiзат базасын өндiру, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану, уран мен көмірді қоспағанда, жерасты сулары және емдiк балшықтар, қатты пайдалы қазбалар бөлiгiнде жер қойнауын мемлекеттiк басқару; энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, туристiк қызмет, инвестицияларды мемлекеттік қолдау саясатын іске асыру салаларында, теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі, сауда мақсатында теңізде жүзу, Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану мен азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi, автомобиль жолдары; өнеркәсіптік қауіпсіздік; бағалы металдар өндірісін және бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдары бар шикізат тауарлары, зергерлік және басқа да бұйымдар айналымын реттеу салаларындағы (бұдан әрi – реттелетiн салалар) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 15.12.2016 № 804 қаулысымен.

      2. Министрліктің мынадай ведомстволары бар:

      1) Министрліктің Инвестиция комитеті;

      2) Министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті;

      3) Министрліктің Техникалық реттеу және метрология комитеті;

      4) Министрліктің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті;

      5) Министрліктің Автомобиль жолдары комитеті;

      6) Министрліктің Азаматтық авиация комитеті;

      7) Министрліктің Көлік комитеті;

      8) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 16.06.2016 № 353 қаулысымен;

       9) Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.11.2016 № 704 қаулысымен.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.06.2016 № 353; 15.11.2016 № 704 қаулыларымен.

       3. Министрлік өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Министрлік мемлекеттiк мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

      6. Министрліктің, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Министрлік өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрлік басшысының бұйрығымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Министрліктің құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Министрліктің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есiл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Транспорт Тауэр" ғимараты.

      10. Министрліктің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi" мемлекеттiк мекемесi.

      11. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Министрліктің қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Министрлікке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Министрліктің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Министрлікке заңнамалық актiлермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

 

ТіркемеКөлем
File Министрлік туралы ереже277.63 KB
PDF icon ереже245.05 KB