Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

You are here

"Rio Tinto" концерні Қазақстанның геологиялық барлау саласына қомақты инвестиция салуға ниетті

Торонтода (Канада) өткен PDAC  халықаралық тау-кен форумы аясында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев австралиялық-британдық «Rio Tinto» концерні геологиялық барлау басқармасының басшысы Дейв Эндрюспен және Африка-Еуразия аймағындағы геологиялық барлау жөніндегі директоры Кен Тейнтонмен кездесті.

Кездесуге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев, «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елдар Тағаш және Қазақстанның Канададағы елшілігінің өкілдері қатысты.

Тараптар геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытудың перспективалары мен қазіргі жағдайын, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласында жоспарланып отырған заңнамалық реформаларды, геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемін арттыру мүмкіндіктері мен қазақстандық мамандарды оқыту мәселелерін талқылады.

Тимур Тоқтабаев геологиялық барлауға инвестиция тартуды қамтамасыз ететін  Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс жобасы жайында, сонымен қатар, салық салу жүйесіне енгізілетін өзгерістер мен Алматы қаласында геологиялық кластер мен Қазақстанда халықаралық сертификатталған зертхана құру жоспары туралы айтып берді.

Вице-министр «Rio Tinto» концернімен стратегиялық ынтымақтастықты ерекше атап өтіп, Қазақстанда жаңа лицензиялық үлгі бойынша геологиялық барлау көлемін арттырудың мүмкіндіктеріне тоқталды.  Атап айтқанда, концернге алмаз іздеу бойынша геологиялық барлау жүргізу және аталған жұмыстарды "КазГеоТек" компаниясымен бірлесіп, Жамбыл облысында аэрогеофизикалық зерттеу жұмыстарынан бастау ұсынылды.

Өз кезегінде Дейв Эндрюс Қазақстан Үкіметі елде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалды одан әрі нығайтарына сенімді екенін айтты. Rio Tinto компаниясы Жер қойнауы туралы жаңа Кодекстің енгізілуіне қызығушылық білдірді, сондай-ақ, олардың келісім шарттары әлемде қабылданған салық режиміне (роялти) өтеді деп үміт артады.

Бүгінгі таңда Rio Tinto компания жұмыс жүргізіп жатқан әлемнің 14 елінің геологиялық барлауына 100 млн. АҚШ долларын аударуға ниетті. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

Концерн басшыларының сөзінше, ҚР Жер қойнауы туралы жаңа Кодекстің енгізілуі және геологиялық әлеует пен жарияланған реформа сенімділік ұялатқандықтан Қазақстанға айрықша көңіл бөлінеді.

Кен Тейнтон «Қазгеология» АҚ-мен ынтымақтастықтың және концерннің геологиялық қызмет тәжірибесін пайдалану арқылы Қазақстанда кәсіби команда құру жоспарының маңызды екенін атап өтті.

Rio Tinto ұлттық дерек қорын құру бойынша және геологиялық ақпаратты жүйелендірудің озық тәжірибесін енгізуді қамтамасыз ету, қазақстандық мамандарды оқыту бойынша бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Сонымен қатар, ЕЫДҰ аясында аталмыш ынтымақтастықты дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығы айтылды.

   

© 2017

Ресми Интернет-ресурс

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі